Қарағандыдағы фольклор қыз — TOY
Қарағандыдағы фольклор қыз

-Сәлеметсіз бе, Мейрамгүл апай! Қош көрдік! Сұхбаттасуға уақыт арнағаныңыз үшін рахмет!

-Бағана өзің хабарласқанда қобалжыдым, сірә алғашқы сұхбат беруім  болғаннан шығар. Бастысы Алла берекесін берсін.

-Әумин! Сіздің өнеріңізді бағалайтын оқырманға өзіңіз жайлы, туған, өскен жеріңіз туралы айта отырсаңыз?

-Қай жерде тудың, қай жерде өстің дегеннен шығады, мен осы «Тәттімбет» атындағы  академиялық халық аспаптар оркестріне жүргізуші болып келгенімде, бәріне менің қай жердікі екенім қызықты болыпты. Әркім өзіне тартады екен. Біреулер оңтүстіктікі  десе, тағы біреулері батыстыкі дейді екен,  ақыр аяғы «қай жердікі болса да осы қыз - фольклор» деп атағаны есімде. Ал, кіндік қаным тамып, дүниеге шыр етіп келген жерім Ақтоғай ауданы.  Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, еліміздің бұлбұлы Күләш Байсейітова, Аққыздай күйші туған өлкеде өмірге келгенімді маңдайыма жазылған үлкен бақ деп есептеймін. Кейін көп ұзамай Қарқаралы ауданына қарасты Қарағайлы кентіне көшіп бардық. Сонда өстім, мектепке бардым. Кіндік қаным тамып тал бесікте тербелген жерім Ақтоғай болсын, балалық бал күндерімнің куәсі Қарағайлы болсын, бой жетіп бой түзеген жерім Алматы болсын барлығы маған  ыстық,  барлығы менің туған жерім. Әр жердің топырағынан нәр алдым, әр жердің әдебін үйреніп, жақсылығын бойыма сіңірдім.

-Бойыңыздағы өнер кімнен дарыған?

Ақтоғайда туғанымның өзі әнші болуды міндеттеп тұрғандай көрінеді өзіме. Сонымен қатар марқұм әкем Сейілханның да, анам Лизаның  да әу дейтіні бар. Анамның дауыс ырғағы өте әдемі. Әттеген-айы оқымай қалған. Бұл өнер маған әкемнің қаны, анамның сүтімен дарыған.

-Алғаш ән айта бастаған  кезіңізде кімге еліктедіңіз, кімге ұқсағыңыз келді?

Біздің балалық кезімізде, менің жасым шамалас балардың бәрін өнерге жетелеген Мейрамбек Беспаев болатын. Алтынбек Қоразбаев көкемнің «Бозторғай, Апа, Кеш жарық» әндерін орындап халыққа кеңінен таныла бастаған кезі.  Ішімнен «мен де Алтынбек ағаға шәкірт болғым келеді» деген ойдың жетегінде сол кісіге хат жазатынмын. Мекен жайын да білмейін, бар болғаны Алматы қаласы, концерттік бірлестік деймін де жібере беремін. Ол хаттарымның жеткен-жетпегені де белгісіз, бірақ бар ынтаммен жауабын күтемін. Бір күні Алтынбек Қоразбаев шәкірті Мейрамбекпен Қарағанды қаласына келетінін естідім де қалада оқитын анамның сіңілісінен хат жазып, беріп жібердім. Хатта «мен сізге жиі жазып тұрамын, сізге жауап жазу қиын ба?» деген сияқты бар өкпемді айтқанмын. Оны әпкем оқып, өзгертіп, өзінше жазып Алтынбек ағаның қолына табыстапты. Арада уақыт өткен соң біздің үйге маған арналған хат келді. Әлі есімде, «Айналайын Мейрамгүл, қалың қалай? Ел іші аман ба? Хатыңды алдым. Менің әнімді орындап жүрген балалардың бәрі менің шәкіртім,  сен де менің шәкіртімсің» деп жазыпты. Бесінінші сынып оқитын мен үшін ерекше қуаныш болды. Бұдан кейін де бірнеше хат жазылып жауап алынды. Алтыншы сынып оқып жүргенде Алматыда өтетін Алтынбек ағаның ұйымдастыруымен «Ізбасарлар» деген концертіне шақырту алдым.  Осындай-осындай қызықтармен басталды да кетті менің өнер жолым.

Тамаша! Өнер жолым басталды дегеніңізге қарағанда сол мезеттен  сахнада жүрсіз ғой, қандай қызықтар болғаны жайлы әңгіме қозғай отырыңыз? Оқыған жеріңіз? Ұстаздарыңыз?

Шатаспасам 1990 жылы болу керек, Қарағайлыға концертпен Алтынбек Қоразбаев, Мақпал Жүнісова, күйші Қайырбек Әділов сынды өнер майталмандары келді. Әртістер келді дегеннен ауылды аралап гүл іздедім. Мәдениет үйіне келдім де гүлімді асығы күтіп жүрген  Алтынбек көкеме бердім. Құр бармай ән айттым. Онымен қоймай сол кісілермен гострольдік сапарға бірге ердім де кеттім. Газет беттерінде суретім шыға бастады. Концерттер аяқталған соң ауылға келдік, күнделікті өмір басталды. Бір күні түс көрдім, өнерпаздармен табиғат аясында демалып жатыр екенбіз. Келесі күні ойнап  жүрген жерімнен үйге шақыртып алды. Келсем ауылдың әкімі бар, Алматыдан Қайырбек Әділов ағамыз отыр, мені көрді де «ееей қыз, қалың қалай, мен сені Алматыға алып кетуге келдім, барасың ба?» деді. Менде ес жоқ, сол сәтте бүкіл арманым орындалып кеткендей көрінді. Ойда жоқта Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық музыка-интернатының жаңадан ашылған Домбырамен ән салу сыныбының оқушысы болатын болдым. Алматыға кетер алдын аталмыш мектептің  «Асыл мұра» ансамбльінің балаларымен Қарақаралыдағы турбазада аялдадық. Алдында көрген түсім сол жер екен, өзім де аң-таң болдым. Сөйтіп жолға шықтық, пойызда шашы ұзын, кекілі бір жақ көзіне түскен, өзі сондай тартымды, ұяңдау қара қызбен таныстым, ол еліміздің аяулы әншісіне айналған, сол күннен бастап күні бүгінге дейін жұбымыз жазылмай келе жатқан менің досым Қарақат Әбілдина болатын. Оқу барысында Атыраулық Арғын Құлманов, Қарақат, Мейрамбек Беспаев төртеуміз домбырамен ән салу сыныбында бірге оқыдық. Осы тұста айта кету керек, бізге қазақтың маңдайына біткен заңғар әншісі, жазушы  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов сабақ берді. Ол кісіден әннен бөлек рухани да мықты тәрбие алдық. Әр шәкіртімен солай болса керек, соның ішінде менімен де сырласып отырып жаңа қырымызды ашуға тырысатын. Менің болмысымның жақсы жағына қарай өзгеруіне әсер еткен рухани ұстазым еді марқұм.  Ақан серінің «Балқадишасын», халық әні «Шилі өзенді» және Сәкен Сейфуллинның «Көкшетауын» сол кісіден үйрендім. Сол жылы ол кісі жол апатынан қайтыс болды.  Күнделік бастап Жәнібек ағамен сырласатын болдым. . Кейін жыршы Науат Ойнаровадан,  Қайрат Байбосыновтан,  Қажыбек Бекбосыновтан дәріс алдық, бірақ менің әнге деген махаббатым Жәнібек ағамызбен бірге өшкендей болды. Арада айлар өтті, жылдар жылжыды, мектепті де бітірдік. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияға  Қайрат Байбосынов ағамыздың сыныбына қабылдандым. Бірінші курстан соң Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтының Театр және кино актеры  факультетіне яғни  Қазақстанның халық әртісі, сиқырлы дауыс иесі, қазақтың талай көркем фильімінің дубляжын жасаған актриса Фарида Шәріпова және Асылбек Ықсановтың курсына ауысып кеттім.   Керемет актриса, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Аспетовадан, сахна тілінің шебері  Мұрат Әбзелбаевтан тәлім алдық.

-Осындай ұлы ұстаздардың мектебінен өткен өзіңізді әріптестеріңіз «фольклор қыз» деп бекер айтпаса керек. Ширақтығыңыз бен өнерге деген тазалығыңыздың нәтижесі ғой. Үлкен қалада жүргенде қасыңызда демеу болатын үлкендерден біреу болды ма?

-Анамның жетектеп мектепке әкелгені ғана есімде. Одан кейін ата-анам сүйреткен емес. Алдымда ағаларым бар, бірақ ол кісілерді де жағаламаппын, керісінше әпкелері сияқтымын. Етімнің тірілігі ғой, оқумен қатар түнгі уақытта казинода жұмыс істейтінмін. Ол жұмысқа орналасуымның өзі үлкен әңгіме. Консерваторияда оқып жүргенде үлкен кісінің алдында ән айтасыңдар деп «Rahat Palace» деген үлкен қонақ үйге, өзім қатарлас біраз өнерпаздарды алып барды. Кезегім келген кезде ән айтуға шықтым, үлкен кісі деп жүргендері елбасы екен. Естіген елге өтірік сияқты, алдарына шыққан бетте «маңдайының жарқырауын-ай, Арғынның қызы болар» деді. Бөтен ойсыз «иә, қайдан білдіңіз?» дедім де Жетісудың бір әнін айтып шықтым. Патшымыз: «Арғынның қызы Жетісудың әнін неге айтты, Арқаның әнін айтпайсың ба» деп қасына отырғызды. Мен де ізін суытпай Мәдидің Қарқаралысын орындадым. «дұрыс айтпай тұрсың, бұл ән басқаша шырқалады» деп ол кісі өз нұсқасын айтты. Осы кезде «бұл әннің қалай орындалатынын сіз білесіз бе әлде Қарқаралының қызы мен білемін бе» деп қойып қалдым. Бәрі ду күлді. Ол кісі де күліп «әй мына қыз бір жерді тесіп шығады, стипендия тағайындаңдар» деді де бір кивиды ортасынан бөліп жартысын маған берді. Өмірімде алғаш көріп тұрған жемістің қалай жейтінін қайдан білейін, шанышқымен түйреп, пышақпен езіп, алша алшасын шығарып турап тастадым. Енді елбасына көзімнің қырын салап қарасам, кішкентай ас қасықпен ойып жеп отыр екен. Ұялғанымнан құлақ, бет бәрі дуылдап қызара бөртіп шыға келдім. Көреген адам ғой елбасы, ақырын арқамнан қағып Ештеңе етпейді, өмір көріп, үйренуден тұрады деді. Сөйтіп кивидің қалай  желінетінін үлкен кісіден үйрендім. Ертесіне маған стипендия тағайындамақшы кісіден, стипендияның  орнына көлемді  жалақы төлейтін жұмыс тауып берулерін өтіндім, және ол жұмыс түнде болса екен деген ұсынысымды да білдірдім. Сұрауым бойынша жоғарыда айтылғандай казиноға жұмысқа тұрғызды. Менеджерге дейін көтерілдім. Ол кезде жанұямыз  Алматыға көшіп келіп жатақханада тұрып жатқан.  Соған намыстандым ба, тезірек үй алу керек деген  мақсат қана болды.  Студенттік шақтың қызығын да көрмедім, тіпті дискотека дегенге де барып көрмеппін ғой Күндіз оқып, түнде жұмыс жасап  жүріп екі бөлмелі үйімді де алдым, жоғарғы оқу орнын да қызыл дипломға бітірдім.

-Айтары бар адаммен сұхбаттасқанның өзі бір ғанибет. Сіздің нәзіктігіңіздің артында осыншалықты жігер, қайрат бар екенін көбі біле бермейді. Қарағанды өңірі сізді көбіне кәсіби жүргізуші деп таниды. Тәжірибеңізбен бөлісе отырыңыз.

-Иә, концерттік бірлестікке жүргізуші болып орналастым ғой. Қарағандыға келмес бұрын, үлкен сахнада төселген, өнердегі марқасқа деген ұстаздарымнан тәжірибе жинаған, бір сөзбен айтқанда үлкен багажбен келдім ... Қаншама тарихи сәттердің куәсімін, жақсы жайсаңдармен дастархандас болдым, биік тұлғалардың бойындағы жақсы қасиеттерін бойыма сіңіруге тырыстым. Осының барлығы жалпы өнердің арқасы. Оны ән, жүргізушілік деп бөлуге болмайды.

-Елге қайтып оралуыңызға не себеп болды?

Елмен елді елдестіретін қыздан айналайын демекші, қыз бала басқа елдің, ердің  бағын баптап кете баратыны заңдылық қой. Жар болу, ана болу бақыты осы жерден бұйырған екен.  Аллаға шүкір Ақнәзік есімді қызым, Нұрмұхаммед, Дінмұхаммед есімді ұлдарым бар.

-Алла ғұмыр берсін балапандарыңызға! Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте қай жылдан бастап жұмыс істейсіз?

-2005 жылы Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі ұжымына жүргізуші болып қосылдым. Деңгейі өте жоғары, кәсіби ортада жүргеніме қуанамын. «Фольклор қыз» деген атағының өзі қандай.

-Өмірден көрген-түйгені бар, ащы мен тұщыны ажыратқан адам ретінде өнердегі іні, сіңілілеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?

-Өнер жолы тазалықты талап етеді және адалдықты қалайды. Өз басым бірінші орынға пайданы қойған емеспін. Сахна киелі, оған қалай болса солай шығуға хақың жоқ дейтін ұстаздарым. Өнерпаздың бойында мін болмауы керек деп үйретті ғой, біздің де жас буынға айтарымыз осы. Қолы босай қалса кітап оқуды әдетке айналдыруға шақырар едім, себебі кітап адамның жан дүниесін тазартады.

-Журналымыздың атауына сай сұрақ болсын. Бүгінгі тойда сізге не оғаш көрінеді?

-Тойдағы бәсекеге таңқаламын. Той көңілді өту керек деген оймен неше түрлі әбестіктерге баратын сайқымазақтар мен  соған еркіндік беретін той иелерін  түсіне алмаймын. Тамаққа тойып алып не болса соған күле бергеннен гөрі,  ғибраты мол дүниемен сусындап, рухани байып шыққанға не жетсін. Ассабалардың дамылсыз айқайлап сөйлегендерін қабылдай алмаймын.

-Еркін әңгімелестік, ерекше сұхбат болды. Ұжымның атынан алғыс білдіреміз!

-Рахмет! Өздеріңіз де жақсылықты жариялай беріңіздер! Адамның жанына жылу сыйлайтын сұхбаттарыңыз көбейе берсін. Қоғамды жақсы әңгімемен  де тәрбиелеуге болады дегенге  сенімдімін. Теңізге тамған тамшыдай болсын пайдамыз тиіп жатса  қуаныштымыз!

Внимание!
Материал защищен Законом об авторском праве. С условиями использования можно ознакомиться здесь

Популярные

К СОЛНЦУ ТОСКАНЫ
Бала туған алғашқы күндерде орындалуы тиіс 8 амал
Қарағандыдағы фольклор қыз
Қайталанбас қызық болсын десеңіз…
Қыз өссе — елдің көркі