Ерлан Құжиманов: «Сарыарқа — саф өнердің туын тіккен жер»

-Кезінде Қарағандыда дүркіреген думан тойдың ортасында жүретін әнші, асаба Ерлан қазір қайда? Нендей кәсіппен айналысып жүр?

-Иә, Қарағандыдай өнер, білім шеберханасында шыңдалып, пісіп жетілгенімді мақтан тұтамын! Сұрағыңыз қарапайым болғанмен, өмір өткелдерін еске түсіріп, екі ауыз сөзбен түйіндеуге келмейтін, ойландыратын сұрақ. «Адамның басы –Алланың добы» деген қанатты сөз бар емес пе?! Қазір Астана қаласында С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-де ұстаздық қызметтемін. Мәдениет орталықтарымен келісім шартқа отырғаным да бар. Сонау 1986 жылы, 17 жасымда ҚарПИ-дің «Көркем сурет» факультетіне оқуға келгенмін. Ол кезде туған апайым Гауһар ҚарМУ-дің тарих факультетінде оқитын. Мені Қарағандыға келген күні ҚарМУ-дің 4-жатақханасына орналастырды. Мұнда тіл, әдебиет факультетінің студенттері тұрады екен. ДНД немесе «Студсоветтің» «дөкей» бастығы - әскерден жаңа келген ақын, әнші, шешен жігіт Дәулет Сәтібеков. Бірден сол жігіт мені шақырып, біраз әңгімеге тартты. Ол жылдары жиын-тойда айтылатын «модный» әндердің біразын білетінмін.Әнімді тыңдады. Бір аптадан соң ауылына барып қайттық. Екі апта өткен соң тойға беташар, ән айтуға ертіп апарды. Тәңірдің бұйрығы болар, Қарағандыға келісімен нағыз өнер ортасына күмп ете түстім. Содан жалғасып кете барды. Қарағанды, Жезқазған, Семей, Алматы сияқты ірі қалалардағы өнер сүйген азаматтармен қоян-қолтық араластым да кеттім. Көбісімен айырылмас досқа айналдық.Дәмдес, жолдас, сапарлас болғандары көп. Бір өнерпаз жайлы естісем, іздеп барып, танысушы едім. Он бес жылдай Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі болып қызмет атқардым. Концерттік бірлестікпен жер дүниені аралап шықтық. Әншілігіммен қатар, ҚарМУ-дің «философия және психология» факультетінің «философия тарихы және мәдениет негіздері» кафедрасында оқытушы қызметінде болдым. Философ Т. Әбжанов жетекшілігімен «Халық әндерінің рухани ықпалы» деген ғылыми жұмысты да қолға алдық.Арнайы музыкалық білім алу ниетімен Астана қаласындағы Ұлттық Еуразия университеті музыка факультетінің «Домбырамен ән айту» бөлімін тәмамдадым. Бұған себеп–өмір жолымда өнерді керемет бағалай білетін, өнерге жаны ашып, шынайы қарайтын адамдардың жолығуы. Оқудан соң ауылға жібермей, институтта «Өнер тарихынан» диплом қорғатып, қамқорлығын көрсеткен қайраткер ағамыз марқұм Сұлтан Қаппар-ұлы сияқты алдыңғы буын ағаларымнан, Халық әртісі Қарғаш Сатаев жетекшілік еткен Қар ПИ-дің «Жастар театрымен» пьесалар, сахналық көріністер қойып, төрт-бес жыл тәрбиесін көріп, тәлім алдым. Қарғаш Сатаевтың қолдауымен жас Абайдың рөлін сомдаған керемет кездер өміріме сабақ болды. Республикалық және халықаралық әншілер байқауларында көзге түсе бастағанымда Рымбала апай өнерден алшақ кетуіме жол бермей, қатал қарамағаны алып, қанатымның қатая түсуіне зор үлес қосты.

Қазір бас қалада еңбек еткенмен, Қарағандыға келмесем көңілім көншімейді. Аллаға шүкір, бүгін де өнер ортасынан алшақ кетпедім. Осы қыркүйек немесе қазан айларында Көкшетау қаласында жеке концертімді бермекпін. Ақындар арасында Жидебайға жиналып, Абайдың туған жерінде өлең оқып, поэзия кешін өткізуі міндетті дәстүрге айналған деседі. Қазақ әншілері Көкшетауда ән айтып, кеш өткізіп отыруы да дәл осылай міндеттелсе ғой. Соны әнші достарыма үлгі қылып, үндеу тастамақпын.

- Әншілер әулетіненсіз, Жоламан, Телман Құжимановтарды дүйім қазақ біледі. Шыққан тегіңіз әншілік құдыреті қонған Құжимановтар әулеті жайлы туралы сыр толғасақ.

-«Көген аласың ба? Өлең аласың ба?» деп аян берген ешкім жоқ. Біздің әулетіміздің пешенесіне жазылған Алланың әмірі шығар. Нұртай әкеміздің әкесі Ідіріс атамыз 1931 жылдары «Үндеместің» құрбаны болып кете барған. «Әріп, Кәрібай, Әсет сияқты ақын,әншілермен араласушы еді. Аттан түспей кетті» - дегендікөне-көз қариялардан естіп өстік.

Құжиман кейіндері төрт атадан қосылатын ағайын болған соң, әмеңгерлікпен Бәтима жеңгемізге үйленген. Әкем 1948 жылы Қарағандыға әскер қатарына жіберіледі. Жұмыс армиясы деп шахтаға 7 жылға салыпты. Анамыз Кәмәл 1951-1952 жылдары Қарағандыға Қарқаралының Қасым аулынан әншілік-мәдени ағарту училищесіне оқуға келіп, оқуда әкемізбен танысып-біліскен. Анамыз бірінші курс оқуын бітірместен әкем алып қашқан. Сонда анамыз «оқуым керек, әнші болғым келіп еді» - деп назын айтса керек. Әкеміздің аузына періште салды ма «Саспа,  балаларымыз әнші болады» депті.

Әулетіміздің үлкендері Бағила, Салтанат, Жоламан, Нариман апа-ағаларым Қарағанды өңірінде дүниеге келген. Содан 1961 жылдары туған жері Ақсуатқа Бәтима әжеміздің тілегімен қайта көшкен екен. Бес ұл, бес қыз, барлығымыз бала кезімізден әнге әуеспіз. Кәсіпқойлық деңгейге тек үшеуіміз көтерілдік. Нариман ағам керемет лирик әнші. Қазір ауыл шаруашылығымен айналысып, ауылда қара шаңыраққа ие. Құдайға шүкір, Нариманның ұлдары үлкен әнші болып, әулетіміздің игі ісін жалғастыруда. Еламан бауырым жақында Әсет Найманбаев атындағы Республикалық әншілер байқауында екінші орын лауреат атағын жеңіп алды. Өзі тарихшы, жоғарғы оқу орнын бітірген. Ербол бауырым өткен жылы «Астана дауысы» халықаралық әншілер байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Италиядан келген жюридің төрағасы, өз еліне шақырып, риза болды. Халық әртісі, әлем таныған Айман Мұсохаджаева өнер университетіне ұстаздық етуге шақырды. Өзі халық әртісі Хафиз Есімовтей әнші ағамыздың класын тәмамдаған.

Осының барлығы үлкен ағамыз Жоламанның еңбегі деп айтуға болады. Ол Кісіні жасқанбай «әннің академигі» десем артық емес. Сонау 1993-тің қиын-қыстауындаЖоламан ағамыз «Халық әртісі» атағы беріліп тұрған кезінен, жоғары жақтағылармен мінезі келіспей, кейінге шегерілді.

2008 жылы Алматыда Қазақ концертте Жоламан ағам жеке концертін берді. Сонда халық әртісі, ұстазы Қайрат Байбосынов қатысып, ән айтып, тілегін білдірген. Ақ жүректі Қайрекең «Жүсекеңдер ғасырлар бойғы рухани байлығымызды таза күйінде бізге жеткізушілер. Біз осы мұраны келер ұрпаққа қалай сеніп тапсырамыз деп ойланғанда, Жоламан сияқты бауырларымызды көріп, бабалар аманатын арқалар осындай әншілердің барына көзіміз жетіп, көңілімізге тыныштық ұялайды» деп батасын берді. Ағам туралы әлі еңбектер жазылар, алайда қайраты әлі кетпей тұрғанда, үлкен сахнада өнер көрсетудің сәті түспей жүр.Бала кезімнен-ақ ағамды Мәди ақынға  ұқсатам.

- Әдетте өнер биігіне талпынған өрім жастар Алматыға аттанады. Қарағандыны таңдауыңыздың себебі неде?

-Әкем шебер, зергер, ұста адам болса, анам ісімер, тігінші, он саусағынан өнері тамған жан. Бала кезімнен анамның айналасында, сол бір кішкене тігін, ою өнерінің жанында жүргеннен болар, суретші, мүсінші болуды армандадым. Ер жете келе, той-жиын қызыққа айналды. 7- сыныпта әкеммен Қарағандыға келдім, жан-жақты таныса келе, осы қалада тұрсам деген ой келді. Әкем де бұл ойымды түсінгендей, «Көркем сурет» факультетіне түсіп, қол өнерін дамытсаң деп ой салды.

Әкем мен анамның өмір баспалдақтары басталған кеншілер шағары мені де құшақ жая қарсы алды. Бөтендік байқатпай, Қарағандының перзентіне айналып кеткендеймін. Байқасам, отыз жылда осы қалаға бауыр басып қалыппын.

-Сіздің домбыра жасап, қобыз жонып, ер шабатын шебер екеніңізді екінің бірі біле қоймайды. Әншілік, қол өнер, асабалық пен қатар ғылыми зерттеу жұмысын алып жүру біріне-бірі бөгет болмай ма?

-Мұхтар Әуезов атамыз «Абай- телегей теңіз, мен сол теңізден бір қасықтайын ғана алғанмын» демекші, ата-бабаларымыздың атқарған дүниелерінің жанында, біздің іс ойыншық қой тәйірі. Әттең, заманның күйлейтіні бар, қаншама өнерпаздарды «тұрмыс» жұтып жатыр.

Өкінбеймін өмірге,

Босқа келгем екен деп,

Өкінемін бұл күнде,

Түк бітірмей кетем– деп Қасым ақын толғағандай Үкілі Ыбырай, Тайжан Қалмағанбетовтей  рухты ақын-жыраулардың, ісмер, жыршы, тарихшы, философ бола отырып әншілікті қатар алып жүрген тұлғаларға тамсанып өстік. Қыл қаламмен сурет салдың не, сөзбен, әнмен сурет салдың не - арнасы бір.

Бір қиыны, өр Мәдидің,өткір Иман-Жүсіптің, ойшыл Абайдың, биік Біржан салдың әндерін айтқан әнші-авторлардыңөзіне еліктеп, өмірде де шыншыл болып, ешкімге жақпағанын Төлен Әбдіков, Асқар Сүлейменов, Таласбек Әсемқұлов сияқты  ғұламалар әдемілеп жазды. Кейбір әншілердің айтып жүрген әндеріне қарама-қарсы әрекет жасап, жантық, жағымпаз болып қылмыңдап кетуі қынжылтады.

Ал асабалық әнші ақындармен етене  жақын жүргеннен келді. Тамада «тамақ ада, сіңімді болсын» деген сөзден, Асаба «Ас адал болсын » деген сияқты ұғымнан шықса керек. «Жорғалап қара өлеңге, тілім майда, тілімнің майдасынан көрем пайда» - деп Біржан Сал айтқандай, өнерің болса халық тыныш отырғызбайды. Ақын-әншілерді той-дүбірде  өнерін ортаға салуға жаратқандай.

Естігенім бар: «Абай бір астан келіп, үйге түсіп жатқанда, әкесі Құнанбай «Ас қалай өтті?» деп сұраса керек. Абай «Ол әулеттен сөз білетін, жөн білетін ұл тумаған екен, дұрыс өткізе алмады» дегенде, әкесі ренжіп, «Соның бәрін көріп тұрып, қалай шыдағансың. Сөз білсең, жөн білсең, неге ортаға салмадың барыңды. Яғни, сен жамансың» деп ренжіпті.Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ деп халық сөзі осындайға байланысты болса керек. Қазір, нарық заманына сай, «асабалық» мамандықтан гөрі жеңіл шоу, арзан күлкі араласты ма, өзгере бастады. Дегенмен, біз сияқты ойлайтын жас өнерпаздардың қарасы басым. Жастардың ішінде,үйсіз, күйсіз жүрсе де, рухани өнермен сусындап, еңбек етіп келе жатқандары басым. Оларға ақ жол тілеймін. Асабалық туралы көп айтуға болады. Бұхар Жыраудан Шашубай, Иса Байзақовқа дейінгі нұрлы рух сақталынған тұңғиық Арқа әлі бар. Сарыарқа саф өнердің туын тіккен жер ғой. Сол арнаның ғұмыры ұзақ болғай деп тілеймін.

-Сіз үшін қазақтың, әргі-бергі тарихындағы ең биік ән....

-Қызық сұрақ. Менің ойымша, оны тап басып айту, қайсысының шоқтығы биік деп іздеу де бос әуре. Өйткені, әннің бағасын беретін - халық. «Халықтың сөзі – Алланың жердегі қаламының ұшы» -деген Мәшһүр Жүсіп әулие. Еліміз болып, қуаныш-қайғыда қосылып, мемлекеттік гимнді шырқаймыз. Қазақстанның гимніне айналған – «Менің Қазақстаным» әні.Ендеше, ең биік әнді Шәмші Қалдаяқов шығарған. Халықтың сүйіп тыңдар әр әнінің шоқтығы биік. Тамсанып, таңдандырар әндер қаншама. Бөліп-жару қиын-ау.

- Қазіргі қазақ тойының артық-кемі?

- Мен артымыздан ерген жас асабаларға «Сөзге сақ болыңдар. «Тәрбие отбасынан» деп жиі айтамыз. Отбасы деген отқа май құйып, босаға аттаған келіндеріміз, сол отты көруге келген халық, ендеше халқымыздың тәрбие басы - той. Тойда отырған қауымға әр ойды астарлап жеткізіп, алтын дәстүрді тоздырмауға ат салысыңыздар» деп тілек білдіргім келеді.

Внимание!
Материал защищен Законом об авторском праве. С условиями использования можно ознакомиться здесь

Популярные

Қайталанбас қызық болсын десеңіз…
Қыз өссе — елдің көркі
Как и когда собирать приданое для невесты
Әйел -азаматты жетістікке жетелейтін кілт
Что подарить родителям жениха и невесты на свадьбу их детей