Әр елдің салты басқа: өңірлердегі құдалықтың ерекшеліктері

Ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана қызының орнын тапқанын, ұлын аяқтандырғанды, жақсы жермен құдаласқанды армандайтыны анық. Қазақ қазақ болғалы құдалықтың қадірі қашқан емес. Баяғыдай қырық жеті малды атап беретін заман болмағанмен, ежелгі салтымызға сай баласының қызығы үшін аянбайтын қазақ құдалықтың жол-жоралғыларын жасайды. Бүгіндері біз үшін тарихқа айналған «бесік құда» болу жоқ. Болса да некен саяқ шығар. Қазіргі заманның қыз, жігіті әуелі өздері танысып, табысып алғаннан кейін, келісімін алу үшін ата-ананың алдынан өтеді. Ата-ана баласының таңдауын құптаса, дәстүрге сай «құдалық» дайындығына кіріседі. Ағайын-туыс ақыл қосады. Тегіміз бір болғанмен салтымыз сан алуан қазақпыз. Ұл Ұрымға, қыз Қырымға демеуші ма еді?! Келешек келініңіз, немесе күйеу балаңыз қазақ даласының басқа өңірінен болса, сол елдің салтын зерттеп, жол-жоралғысын білуге тырысасыз. Төңірегіңіздегі небір тәжірибелі тәтелерімізден ақыл-кеңес аларыңыз анық. «Той» журналы да бұл тақырыптан тысқары қалмақ емес. Әр өңірге хабарласып, тәжірибесі мол апа-жеңгелеріміздің ақыл кеңестеріне біз де жүгініп көрдік. Біле жүргеніміз артық болмас.

Орталық Қазақстан. Бақыт Арыстанқызы, 61 жаста:

Осыдан он, он бес жыл бұрын «құда түсу», «аяққа жығылып келу» деп аталып жүрген рәсімдерді қазір «сырға салу» деп жүргеніміз белгілі. Бұл бұрын ұмыт болып, оңтүстік аймақтардан оралған салт. Жігіт жақтың қыздың ата-анасының келісімін алып, бәтуаға барысқан соң, қызға салған белгіміз деп құлағына алтыннан немесе күмістен сырға салуы. Бұл кеңестік дәуірдегі «өтіліп барумен» бірдей салт. Қазіргі таңда «Сырға салуға» жігіт жақтан оннан жиырма адамға дейін барады. Болашақ құдаларына бір тоғыз үлгісінде көйлек жаулық, жыртыс, шәй жем салынады. Сырғаны жігіттің жеңгелері, болмаса, ата-анасының қалауына қарай пысық, мінезі жайлы, ақылы көркінен кем емес туыстардың ішіндегі жақын әйел адам салады. Қызды «сырға салу» рәсіміне алып шыққан жеңгелеріне арнайы сый беріледі. «Сырға салу» кезінде қыз ұзату күні мен үйлену тойының күні келісіліп, белгіленеді. Бұл жолы жігіт жағы қыздың ата-анасына киіт кигізеді, қыз жағы – мал сойып, құрметтеп күтіп алып, шығарып салады. Осы аралықта «той малы», «сойыс», «ананың ақ сүті», «бала күту», «әке күші» деген кәделерді орындау керектігі келісіледі, қызды алып кететін күнді белгілейді. Киіт алмасуды қай кезде жасайтынын екі құдағи осы кезде келісіп алады. Киіт беру уақыты мен мөлшері әркімнің тойға дайындық деңгейі мен ағайын туыстың шаруашылық ыңғайына байланысты. Кейде жігіт жақ киітті «қыз ұзату» тойына келгенде,ал қыз жақ үйлену тойына келгенде тойдың үстінде атап беріп жатады. Қазір ауылдық жерлерде бұл әдет әлі де болса бар. Ал қалалық жерде тойдың үстінде құдалардың киіт алмасуы аракідік қана кездеседі. Қазір қалалық қазақтар құдалықтың алық-берігін үйлену тойының ертеңінде өткізілетін «құда дастарханы» немесе «дөңгелек үстел» деп аталатын жиында жасайды.Үлкен тойдағыдай емес, мұнда құдалар бір бірімен жақынырақ танысады. Киітпен бірге қашан да «той шашуы» қоса жүреді.Той шашуы қоржынына түрлі сусын шараптар, кәмпит, өрік мейіз, жеміс-жидек салынады. Қоржынның бетінде көйлектік мата болады. Бұл матаны қоржынды ашқан әйел алады. Қоржын ашылған соң, ең алдымен «Өлі-тірісіне» әруақтың тұсына ілгенім деп оқалы шапан іледі. Әулеттің қариялары бар болса, оларға да арнайы сый-сияпат жасалады. Орталық өңірде құдалар «той малының» орнына «әкесіне ат мінгіздік» деп жылқы атап, астына кілем төсеп, үстіне шапан кигізеді. «Ана сүті» деп анасына алтын апарады. Бұрындары қыздың әкесіне қасқыр ішік салса, қазір сапалы тон, болмаса құндыз бөрік кигізеді. Қыздың бір туғандарына міндетті түрде алтын сыйланады. Алтын таратуда асыра сілтеушілік осы өңірде жиі кездесіп жатады. Тіпті, жігіт жақ қыздың жезде-жеңгелеріне дейін кигізіп, қыз жақ та жігіттің бір туғандарына алтын сыйлайды. Үйлену тойы өткен соң қыздың әке-шешесі «қыздың жүгін» алып, құрып беруге келеді. Қыздың жасауына төсек орнын ыдыс-аяқ, көрпе-көншік әкелінеді. Жасауды жеңгелері көрсетіп, құрып берген соң жігіт жақ көрімдік беруді ұмытпайды. Қыз жүгімен келген дастарханды жайып жіберіп, жеңгелері арнайы әкелген тәтті-дәмділерін, сусын-шараптарын шашып тастайды. Қыздың жасауын тамашалай келген әйелдер шашудан бөлісіп алады.

Үйлену тойы өткен соң жарты ай, бір ай шамасында қыздың әке-шешесі күйеубаласына «есік ашар» жасайды. «Есік ашарда» ұзатылғаннан кейін ата-анасының арнайы шақыруын күткен қыз жолдасымен келеді. Қыз жақ ең жақын деген туыстарын жинап, дастархан жайып, күйеу баласына костюм, көйлексыйлап, қызына да сый-сыяпат беріп қайтарады.

Солтүстік Қазақстан. Жанбота Жакупова, 61 жаста:

Тәуелсіздік алған жылдарымыздың басында ұзатудан гөрі «қыз алып қашу» басым болатын. Оның өзі қыздың өз еркінсіз алып кету емес, екі жақтың келісімімен атқарылатын шара еді. Қазір де бұл үрдіс сирек кездеседі. Бүгін де әр ата-ана шама-шарқынша қызын қиясына қондырып, қолынан береді. Солтүстік Қазақстанда да қазіргі таңда «қыз алып қашу» жоқ. Бұл өңірде де болашақ құдалар өзара келісіп, «сырға салу» күнін белгілейді. «Сырға салуға» жігіт жақтың нағыз жақындары барады.. Солтүстік өңірі орталықтай емес, алтын бұйымдарды тек қыздың анасына, әжесіне және міндетті түрде қыздың кіндік шешесіне беріледі. Айттырып келген қыздың құлағына салар сырға алтыннан болуы мідетті. Қыздың өзге ағайын-туғанына басқа сый-сыяпат беріледі. Орталық Қазақстанда көпке дейін қоржынның орнына чемодан жүретін, ал Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола аймақтарында құдалық қоржыны кеңестік дәуірлерде де қолданыстан түскен емес. Жігіт жақ міндетті түрде «үлкен қоржын» әкеледі. Үлкен қоржы-ның ішіне 7 «ілу» енеді. Кейде ілуді қалта деп те атайды. Жеті қалтаның бір бөлігі әйелдерге,бір бөлігі ер адмдарға арна-лады. Әйел адамдарға – 2 метр бүліш, орамалын салса, ерлерге шапан, көйлек, жағалы киім салынады. Бұл жеті «ілу» үлкен қоржынның бір жағына салынса, келесі жағына 4-5 келі кәмпиттерін, жеміс-жидек, сусын-шараптарын салады. Үлкен қоржынның бетіне «бір тоғыз» салады. «Бір тоғыз» берудің солтүстікте ерекшелігі сол: бір күміс сақи-наға тоғыз орамалды енгізіп, байлайды. Қоржынды ашқан құдағи «бір тоғызды» қалаған адамына таратады.

«Той малы» ретінде бұл өңірде тек қой малы жүреді. «Өлі-тірісіне» төрге деп арнайы кілем төселеді. «Өлі-тірісін» қыз жақ та, жігіт жақ та апарады. Құдалықта берілетін «құй-рық-бауыр» өзге өңірлердей кесектеп  емес, сорпаға піскен соң ұсақтап туралады, оған ерітілген құйрық майы қосылып, тұз-бұрышын, сарымсағын қосып араластырады. Әдеттегі құйрық-майдан ерекше дәмді дейді солтүстіктің қазақтары.

Той өтісімен, алыстан келген ағайын қайтпай тұрып, «келін шайынан» ауыз тиеді. Келін шай құйғанда міндетті түрде дастарханға табақ қойылады. Табаққа шайдан ішкен туыстың барлығы дерлік «келіннің білегі мықты болсын, шайы дәмді болсын»  деген ырыммен ақша тастайды.

Оңтүстік Қазақстан. Бибігүл Бөлегенова, 53 жаста:

Бұл өңірде құдалық «Сырға салудан» бастау алады. Одан бұрын жігіттің ата-анасы қыз жақты «тәтті шайға» шақырады. «Тәтті шайда» құдалықтың мерзімі, берілетін кәделері бойынша ақылдасып, жақынырақ танысады. Заманның ыңғайына қарай қазір Оңтүстікте «Сырға салу» мен «қыз ұзату» бір күнде өткізілетін болып жүр. Белгіленген күні «Сырға салуға» жігіт жақтан 15-25 адам келіп, күндіз сырға салынса, кешке құдалар ұзатылу тойына барып, сол күні келінді алып қайтады. Құдаларды қыз жағы құдайындай күтіп алып, дастархан жайылып, «құда табақ» келеді. Бірінші дастархан басында міндетті түрде «ұн жағар» дәстүрімен, қадамдарыңыз ақ болсын деген ниетпен құдалардың бетіне ұн жағылады.

Еліміздің оңтүстігі халқымыздың салт-дәстүрін өзге өңірге қарағанда берік ұстайды. Оңтүстік те жоғарыда аталған кәделерден тыс «қалың мал» деп атап арнайы қаржылай сый беріледі. Қалың малдың көлемі әркімнің қал қадіріне байланысты. Сонымен, «сырға салуға» келген құдалар қалың малдан тыс, «ірге басар», «өлі-тірі», «үй тоғыз», «ағайын тоғыз», «әже көйлек», «жеңге көйлек» деген кәделерімен келеді. «Ірге басар» деп кілем жайса, «өлі-тірісі» деп қой малы әкеледі. Ұзату мен үйлену тойы өткен соң, қыздың ата-анасы қойды сойып, құдайы тамақ береді. «Үй тоғызға» бір кіндіктен туған туыстарына жағалы киімдерін, алтын бұйымдарды әкеледі. Еліміздің қай өңірінде болсын, қыздың әкесіне жағалы киімнен сапалы тонын, басына құндыз бөркін әкелсе, қыздың анасына алтын бұйым сыйға тартылады. Оңтүстікте қыздың анасына құндыз тон да беріп жатады.

Тек Оңтүстік Қазақстанға қарасты Сарыағашта құдалыққа бір қап күріш, күрішті қуырар майын, 1 тай мақта мен көрпе құрауына матасы апарылады.

Үйлену тойы болар күн құдалықпен басталып, үйлену тойымен жалғасады. Мұнда да қоржын алмасып, сыйлық-кәделер таратылады. Оңтүстік өңірінде беташар үйлену тойында емес, ұзатылған қызды алып келген соң өткізіледі. Беташарға арнайы ағайын–туыс жиналып, қазан-қазан палау жасалып, дастархан жайылады. Алдымен молда келіп, «неке қию» рәсімін өткізіп, соңынан домбырамен беташар айтылады. Беташарды қыздың туыстарынан тек қызбен бірге келген құрбысы ғана тамашалайды. Беташарда сәлем салған келін, жарының әке-шешесінен бастап, жақын-туыстарына күнделікті сәлем салуды әдетке айналдырады. Алайда, күнделікті сәлем салу келіннің түскен жеріне байланысты.

Орталық, Шығыс, Солтүстік Қазақстанға қарағанда «қыз жасауына» әкелінген жиһаз бен төсек-орыннан тыс қыздың ұсақ-түйек киім-кешек, көйлек-көншегінен бастап, сыртқы киімдері мен аяқ киімдеріне дейін жап-жаңа күйінде әкеліп, жасауды қызықтауға келген туыстардың алдында атын атап, түсін-түстеп береді.

Шығыс Қазақстан. Айтжамал Кен-жебаева, 60 жаста:

Құдалық дәстүрі бұл өңірде де «сырға салудан» басталады. «Сырға салуға» келген құдалардың саны көбіне 4-5 адамнан аспайды. Құдалар өздерімен «өлі-тірісін», қоржынын ала келеді. Еліміздің шығысындағы «өлі-тірісіне» әдеттегідей мал емес, арнайы қоржын дайындалады. Қоржынға шайын, майын, тұз, сүт, кәмпит, жеміс-жидекті бір келіден және 1 литр көлемінде сұйық май салынады. Бұл қоржынды үйге кіргізбейді, күтіп алған құдаларына ыстық асын беріп, бірінші дастарханнан тұрысымен, қыздың әке-шешесі «өлі-тіріні» тату тұрып, тіл табысқан көршісіне береді. Қоржынды алысымен көрші құдаларды үйдегі жаюлы дастарханға шақырады. Дастархан арақ-шарапсыз жайылып, молда шақырылып, аруақтарға құран бағышталады. Көрші үйден дәм татқан соң құдалық әрі жалғасын табады. «Той малы» ретінде бір жылқының бағасы, болмаса бір қойдың құнын ақшалай тарту етеді. Құдалардың арасында жүретін жол-жоралғылар өзге өңірлердей алтын, құндыз бөрік, мата тәрізді алыс-берістерден тұрады.

Батыс Қазақстан. Гүлнәр Тлеумағамбетова, 46 жаста:

Батыс өңірінде құдалық кәделердің саны, мөлшері өзге облыстарға қарағанда молынан. Құдалықтың өзі «Сырға салу», «Қыз ұзату», «Үйлену тойларынан» кейін өткізіледі. «Қыз алып қашу» дәстүрі де әрекідік болса да, әлі де бар. Қыз қашып кетсе де, қолдан кетсе де қалың мал беріледі. Қалың мал мөлшері қыздың білімімен өлшенбейді. Қалың мал  300 000 нан 1 000 000-ға дейінгі шамада беріледі. Өзге өңірлердей емес, бұл ел қоржын алмаспайды, оның орнына қарапайым пакеттер жүреді. Әке-шешесіне беретін «ана сүті» мен «әке күшіне» гауһартаспен көмкерілген алтын бұйым мен құндыз тон сыйға тартылады, көбіне анасына тон мен алтын қатар кигізіледі. Батысқа тән бір ерекшелік – үйлену тойына қыздың әке-шешесі қатыспайды, тек он, он бес шақты апа-сіңлілері, жеңгелері келеді. Тойға келген құдашалардың барлығы да алтын тағып, сый-сияпатын алып қайтады. Үйлену тойдан кейін «құдалық» өтеді. Құдалықта тағы да алтын салып сый-сияпат таратады. Сөйтіп үйлену тойында алтын таққан құдағилар мен құдашалар «құдалықтан» да алтын алып қайтады. «Қыз жасауы» құдалыққа әкелінеді. Жасауға оңтүстікдегідей қыздың төрт мезгіл киер киімі мен аяқ киімі, көйлек-көншегіне дейін су жаңа күйінде беріледі.

Құдалықтарыңыз мыңжылдық болсын!

 

Внимание!
Материал защищен Законом об авторском праве. С условиями использования можно ознакомиться здесь

Популярные

Қайталанбас қызық болсын десеңіз…
Қыз өссе — елдің көркі
Как и когда собирать приданое для невесты
Әйел -азаматты жетістікке жетелейтін кілт
Что подарить родителям жениха и невесты на свадьбу их детей